Біреу білсе, біреу білмес, тәжік-ауған шекарасындағы жаға ұстатарлық жайттар 1993 жылы басталып, 2001 жылы аяқталды. 8 жыл таулы аймақтың тыныштығын лаңкестер мен содырлар бұзды. Олар тұтас орталық Азияға қауіп төндірді. Егер тосқауыл қойылмаса, қазақ жеріне де есірткі мен қару келуі мүмкін еді. Бұған мына азаматтар жол бермеді. Тұлғасы нардай жерлестеріміз жат жерде қызмет етті, ер міндетін орындады. Қолдары қалт еткенде жиналып, жырақта қаза болған сарбаздарға арнап тұрғызылған Петропавлдағы ескерткішке келеді.
ОСПАН ӘБДУАЛИЕВ, тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстың ардагері:
— Орта Азиядағы 5 мемлекет Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шекарану жабу үшін келісімге келіп, бітімгерлік жасақтарды жіберді. Мен офицер ретінде аттандым.
Тәжік-ауған шекарасында интернационалдық борышын өтеген азаматтың бірі – Асқар Жәменов. Ол 1996 жылы 19 жасында әскерге алынып, Петропавлдан Жаркентке жол тартқан. Жерлесіміз шекара қызметінде ер міндетін орындады. Үйге қайтар күн жақын еді. Алайда, қазіргі ардагер рапорт жазып, қасындағы 33 қаруласымен тәжік жеріне аттанған. Жырақта жарты жыл болды. Әр қадамын аңдып басты, отты күндер мен түндерді бастан өткерді.
АСҚАР ЖӘМЕНОВ: тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстың ардагері:
— Біз автоматымызды мойнымызға іліп алып, қай жақтан оқ атылады деген ойда жүрдік. 1997 жылы Пианж өзені бойындағы шекараны кесіп өтпек болған лаңкесті қолға түсірдік.
Арада жылдар өтсе де сол күндер ұмытылған жоқ. Міндетті кірпік қақпай орындаған қаруластар ешқашан естен шықпайды. Сертке берік ардагерлер ескерткішке келіп, шекарада ажал құшқан сарбаздарды еске алу өмірлік парызымыз деп біледі.
Ұлан Ыдырыс