Сәуір айы басталғалы облыста 10 адамды кене шаққан. Оның үшеуі – кәмелет жасқа толмаған балалар. Әйтеуір, арасында энцефалит ауруын жұқтырғандар тіркелмепті. Аталғандардың барлығы медициналық көмекке дер кезінде жүгінген.
АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
— Былтыр облыста мыңға жуық адамды кене шаққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға көп. 2025 жылы 7 адам энцефалитпен ауырды. Тұрғындардан табиғатқа шығарда жабық киінулерін сұраймыз. Кез келген дертке шалдықпас үшін оның алдын алу қажет.
Кене – қауіпті әрі тойымсыз қансорғыш. Жылы күнде, табиғат аясында серуендеп жүрген жанның денесіне зиянкес жабысып, аямай шағуы мүмкін. Залал келтірген жағдайда бірден дәрігерлерге жүгінген абзал.
ҒАЛИЯ СЫЗДЫҚОВА, №1 қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі:
— Адамды кене шаққан кезде дене қызуы көтеріліп, басы ауырады. Кейін бөртпелер пайда болады. Ауру 10-12 күнге созылады. Егер энцефалит тасымалдаушы жәндік шағып алса, адам мүгедек болып қалуы ғажап емес. Тіпті, өмірімен де қош айтысуы мүмкін.
Кенеден қорғанудың ең оңтайлы әдісі – вакцина алу. Тіркелген емханада кез келген азаматқа энцефалитке қарсы дәрі тегін егіледі. Қала тұрғындарымен тілдесіп көрдік. Олар зиянкес жәндік шақпас үшін не істеу керектігін біледі.
— Табиғат аясына шыға қоймаймын. Бірақ, сақтану шараларын білемін. Үнемі үсті-басымды қарап жүремін.
— Табиғатқа шыққан кезде барынша ашық түсті киім киюге тырысамын. Өзімді кене 2 рет шақты. Бірден ауруханаға бардым.
Санитарлардың сөзінше, Айыртау ауданында кенелер көптеп кездеседі. Себебі, аталған аймақ ағашқа бай әрі демалуға келуші жандардың саны көп. Жақында ауданда зиянкес жәндікке қарсы дәрілеу жұмысы жүргізілмек.
Нұрасыл Ахмет