Есіл ауданындағы Бірлік ауылында Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті. Тұрғындары шараға ерекше дайындалған. Мерекелік бағдарлама ауқымды. Думанға Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері базарлықпен келген. Өнерпаздар құлақтың құрышын қандыратын әндерді шырқап, жиналғандардың көңіл-күйін көтерді. Айта кету керек, ұжымның көркемдік жетекшісі Біржан Есжан аталған елді мекеннің тумасы екен.
БІРЖАН ЕСЖАН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
— Ата-балаларымыз Наурыз тойын 1 ай бойы тойлаған. Ауыл тұрғындары мен тумалары барынша жиналдық. “Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді
Тұрғындар мәре-сәре. Әртістер орындаған туындылар көңілден шықты. Мерекелік шараға аудан әкімі Мереке Мұхамедияров қатысты. Басшының сөзінше, Бірлік ауылының тұрғындары ұйымшыл. Қоғамдық шаралардан қалмайды. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған біршама шаруа атқарылған. Әлі де атқарылады.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
— Былтыр ауылды республикалық автожолмен байланыстыратын жол салынды. 600 млн теңгеге су құбыры тартылды. Бірлік ауылының тұрғындары бірліктің нағыз үлгісін көрсетуде.
Думан барысында “Тұсаукесер” рәсімі өтті. Ұмыт қалған дәстүр бойынша ауылдың пысық келіншектері жүгіріп жарысты. Алдына жан салмай, оқ бойы озық шыққаны балақайдың тұсауын кесті. Шараға халық көп жиналды. Жас та, кәрі де осында жүр. Думан барысында оларға Наурыз көже мен тәтті-дәмді таратылды. Мереке халықтың көңілінен шықты.
Мерекелік шарада ұлттық спортымыз да ұлықталды. Мына бір бозкілемде қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр. Сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен 50-ден астам палуан қатысуда. Әдемі әдістер мен жүлде үшін кескілескен тартыстар жарыстың көркін қыздырды.
ДАНИЯР СӘБИТОВ, қазақ күресінен Есіл ауданының бас бапкері:
— Палуандар 6 салмақ дәрежесі бойынша белдесуде. Есіл ауданында қазақ күресі қарыштап дамуда.
Бұл күні Бірлік ауылында арқан тартыс, асық ату, садақ ату, армрестлинг бойынша сайыстар өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Нұрасыл Ахмет