Құқық қорғау органдары

Велосипед және электросамокат жүргізушілерінің назарына

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында велосипед тізгіндеген жандар 15 жол-көлік оқиғасының орын алуына себепкер болған. Салдарынан 16 адам зардап шекті. Тағы 2 кісі электросамокат жүргізушісінің кесірінен жарақат алған. Биыл мұндайға жол берілмеуі тиіс. Қазір петропавлдық тәртіп сақшылары қос дөңгелекті көлікпен жүретін азаматтарға қатысты профилактикалық жұмысты күшейтті.

Велосипедпен жолда 14 жастан бастап жүруге рұқсат етіледі. Оған жүргізуші куәлігі керек емес. Ал электросамокат иелері бірқатар талапты назарда ұстауы қажет. Жаяу жүргіншілер өткелінде жүргізуші міндетті түрде көліктен түсуі қажет. Оларға жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай қозғалыс жасауға, сондай-ақ қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынады.

САНАТ ЕМЕНАЛИН, Петропавл қалалық ПБ ППБ қызметінің аға инспекторы:

— Электросамокатты 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар, басына шлем киген адамдар жүргізе алады. Жылдамдық сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс, ал тротуарда 6 шақырымнан аспауы міндетті.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі қасақана емес, мұқиятсыздықтан орын алады. Сондықтан полицейлер тұрғындарды сақ жүруге шақырады.