Экология

“Таза Қазақстан”: Петропавлда облыс әкімінің қатысуымен жалпықалалық сенбілік өтті

Петропавлда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Таңғы салқынмен басталған игі іске мыңдаған тұрғын қатысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл күні әр аулада, әр көшеде қызу еңбек көрініс тапты. Сенбілікке облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қала әкімі Серік Мұхамедиев те қатысып, көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, өңірде бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асуда. Биылдың өзінде акцияға 37 мыңнан астам адам қатысып, 18 мыңнан астам аула тазартылған. Сонымен қатар, 400-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш пен 200-ден аса саябақ және демалыс орны ретке келтіріліп, 12,8 мың тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағида осылайша нақты іспен дәлелденіп келеді.

ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚФ төрағасы:

— Бүгінгі өтіп жатқан игі іске жастар да, аға буын өкілдері де белсенді түрде атсалысуда. Барлығы туған жердің тазалығы мен көркі үшін еңбек етуде. Осындай ортақ күштің арқасында шаһарымыз күннен-күнге көркейіп, ажарлана түсуде.

Игі бастама аясында тазалық жұмыстары ғана емес, көгалдандыру ісі де қатар жүргізілуде. Алдағы үш ай ішінде өңірде 35 мыңнан астам ағаш пен 13 мыңға жуық бұта отырғызу жоспарланған. Бұл – аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

ҚҰДАЙБЕРГЕН АФАНДИЕВ, облыстық “Барбанг” күрд этномәдени орталығы” ҚБ мүшесі:

— Қаламыздың барынша таза болғанын қалаймыз. Ағаш отырғызып жатырмыз, сол арқылы табиғатты тазартамыз деген үміттеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Сенбілік аясында ерекше назар аударылған орындардың бірі – Тукай саябағы. Мұнда 17 шырша мен 16 қарағай көшеті отырғызылды. Аталған саябақ қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев орталығының маңында орналасқан. Ғабдулла Тукай мен Мағжан Жұмабаев – өмірде жүздеспесе де шығармашылық тұрғыда үндес болған тұлғалар. Сондықтан да бұл орын екі халықтың рухани байланысын айшықтайтын символға айналған.

Айта кету керек, ағымдағы жыл татар әлемінде Ғабдулла Тукай жылы болып жарияланған. Осыған орай ұйымдастырылған шаралар тек тазалықты сақтауға емес, тарихи мұра мен мәдени сабақтастықты дәріптеуге де бағытталған. Ал сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, қаланың көркеюіне өз үлесін қоса бермек.

Жангельді Жамалиев