Есіл өзенінің деңгейі Ғабит Мүсірепов ауданында түскені, ал Шал ақын ауданында көтерілгені байқалады. Күндізгі 12:00-де жарияланған гидрологиялык мониторинг деректеріне сүйенсек, Шөптікөл, Дружба, Тоқсан би ауылдарының маңында қауіп бұлты сейілген. Дегенмен, “Сергеевка” су қоймасындағы көрсеткіш 24 см ұлғайып, ернеуінен асқан судың биіктігі 117 см жетті. Есілдегі Покровка мен Қызылжар ауданындағы Новоникольское елдімекендерінің жанында да жоғарылау байқалады. Демек таяу арада Петропавл маңында өсім орын алады. Қазір синоптиктер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мамандар арна тілшілеріне ауа райына қатысты болжаммен бөлісті.
ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
— Екінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 17-22 градусқа дейін көтеріледі. Ал үшінші онкүндікте +23-28 градус болады.
Су тасқынына жаңбырдың да әсері бар. Синоптиктер аталған бағытта да есептеу жүргізіп, болжам жасаған. Мамандардың пікірінше, сәуір айында өңір аумағына 19-30 мм көлемінде жауын-шашын түседі. Бұл қалыпты көлем саналады.