Қоғам

Петропавлда “SHYN CUP II” республикалық пікірсайыс турнирі өтті

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да “SHYN CUP II” республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Астана, Алматы мен Павлодар және жергілікті жастар екі күн бойы ой жарыстырып, сөз саптады.

ЭЛЬМИРА МҰСТАФИНА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Шың” дебат клубының президенті:

— Бүгі ІСБ қолдауымен “Заң және Тәртіп” идеологемасы аясында “SHYN CUP II” республикалық турнирі өтіп жатыр. Турнирге арнайы Қазақстанның көшбасшы, ең мықты деген дебатерларын төреші ретінде шақырдық. Олар Алматы, Астана қалаларынан келген. Тіпті, Дебат федерациясының президенті келіп отыр. Кең көлемде, жақсы турнир ұйымдастырдық деген ойдамыз.

Жалпы саны – 32 команда бақ сынаған додада қатысушылар британдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматтарында пікір таластырды. Әр сөз салмақты, әр уәж дәйекті. Бұл алаңда тек білім ғана емес, батылдық пен тапқырлық та таразыға түсті. Қызу өткен тартыста іріктелген мықтылар финалға жолдама алды.

ӘСЕМ АЗИЕВА, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ “Парасат” дебат клубының мүшесі, Қостанай қаласы:

— Бұл – менің және спикерімнің алғашқы республикалық дебат турнирі. Турнирдің Петропавл қаласында өткені үшін өте қуаныштымын. Бірінші раундтағы тақырып аясында саясат, Еуро одақ және сондағы әртүрлі мәселелерді талқыладық. Жалпы, өте қызықты тақырып болды. Жақсы аша алдық деген ойдамын.

Шешуші кезеңде Семей мен қарағандылық командалар сынға түсті. Тартысқа толы финалда семейлік сөз шеберлері басымдық танытып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ақыл мен парасат сарапқа салынған додада жеңімпаздар 250 мың теңге көлеміндегі марапатқа ие болды.

Жаннұр Бектұрғанова