Петропавл маңындағы Пестрое көлінде алаңдатарлық оқиға орын алды. Соңғы күндері су айдынында шортан балығының жаппай қырылуы тіркелуде. Бұны тұрғындардың бірі байқап, видеоға түсірген. Қазір түрлі пікір жазылған бұл бейне қызу талқыланып жатыр.
Елең еткізерлік жайт бойынша жауапты органға хабарластық. Мамандар мән-жайды түсіндіріп, дүйім жұртты дүрлікпеуге шақырды. Болжам бойынша шортанның қырылуына көлді оттегінің жетіспеушілігі немесе улы заттардың таралуы себепші емес.
ИЛЬДАР КӘКІМОВ, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы:
— Бұл жағдай 2024 жылғы су тасқынымен байланысты болуы мүмкін. Өзендер арнасынан асты, үлкен көлемде қызыл су жайылды. Осы кезеңде балықтар мекендерін ауыстырды. Бұл – қалыпты құбылыс. Өзіміз жақсы білетіндей, көлдегі оттегі деңгейі өзенмен салыстырғанда төмен. Шортан үшін қолайсыз. Осының салдарынан қырылу – шындыққа жақын нұсқа.
Қазіргі таңда мамандар су сынамаларын алып, нақты себептерді анықтауға кіріскен. Ал тұрғындар табиғаттағы бұл өзгеріске алаңдаулы. Сарапшылар жағдай тұрақталғанға дейін көл маңында сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Жангельді Жамалиев