Петропавлға гастролдік сапармен Ақмола облыстық орыс драма театры келді. Іргелес орналасқан өңірдің өнер ұжымы теріскейлік көрерменге “Любовь и голуби” қойылымын ұсынды. Бұл туындыны солтүстікқазақстандықтар тағатсыздана күткен екен.
— Бұл – мен ерекше тамашалайтын қойылымдардың бірі. Ақмола облысынан келген ұжымның өнерін әлі тамашалаған емеспін. Жалпы, театрға жиі келіп отыруға тырысамын.
— Бұл ұжымнан қызық дүние күтемін. Өнерлері көңілімнен шығады деген ойдамын.
Ақмола облыстық орыс драма театры гастрольдік сапарға тыңғылықты дайындалған. Сахна саңлақтары арнайы декорацияны, түрлі костюмдерін де ала келген. Отбасындағы өмірге, құндылықтарға негізделген қойылымда 9 актер ортаға шықты. Солардың бірі – Анна Бронникова. Өнерпаздың сахнада жүргеніне 25 жылға жуықтаған. Нәзікжанды шығармада Надежда есімді басты кейіпкердің рөлін сомдайды. Аннаның сөзінше, өте сезімтал әйел кейпіне ену аса қиындық тудырмаған.
АННА БРОННИКОВА, Ақмола облыстық орыс драма театрының актрисасы, Көкшетау қаласы:
— Бұл спектакль қалың көрермен назарына биылғы маусымда ғана ұсынылды. Көкшетаулық тұрғындар, қонақтар осы қойылымға жиі келеді, бізде әрдайым аншлаг десем болады. Көпшілік кезіндегі “Любовь и голуби” фильмін жақсы біледі. Біздің шығарма ресейлік Владимир Гуркин жазған аталмыш пьесса негізінде әзірленді. Спектакльдің басты мағынасы – отбасы құндылығы.
Сонымен қатар, қос тарап маңызды құжатқа қол қойды. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры және Ақмола облыстық орыс драма театры арасында меморандум жасалды. Мөр басылған келісім екі өнер ұжымына да жаңа мүмкіндіктер сыйлайды.
БЕЙБІТ БАҚТЫКЕРЕЕВ, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры, Көкшетау қаласы:
— Біз Н.Погодин атындағы орыс драма театрымен екі жақтық меморандумға қол қойдық. Бұл арқылы шығармашылық тұрғыда жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, актерлер байланысы артады, ортақ қойылымдар әзірлейміз.
Соңғы рет Ақмола облыстық орыс драма театры теріскейге 10 жыл бұрын келген екен. Айта кетейік, келесі жылы көршілес аймақтың өнер ұжымы 50 жылдық мерейтойларын тойлайды.
Ұлан Ыдырыс