Спорт

Жазасын өтеушілер арасында шағын футбол жарысы өтті

Петропавлда “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында шағын футболдан облыстық турнирдің финалдық кезеңі өтті. Жасыл алаңда – ала жіпті аттаған жандар. Олар үшін бұл жарыс өткен күнге нүкте қойып, жаңа өмірге қадам басуға серпін бермек.

ТОБЫЛ ҚҰРҒЫНБАЕВ, жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы:

— Ең алдымен осы жарысты ұйымдастырып жатқан басшылар мен ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осындай спорт түрлерін қолдап, бізге мүмкіндік жасап жатқандары үшін ризамын. Бүгінгі ойында қорғаушы позициясында өнер көрсетемін. Бұл жарысқа ұзақ уақыт бойы дайындалдық, бар күшімізді салуға тырысамыз. Өмірімде қателіктер болды, бірақ қазір дұрыс жолға түсіп, алға ұмтылып келемін.

Финалдық кезеңге 8 команда шыққан. Әр құрама жеңіске деген жігер танытып, тартысты әрі қызықты ойын ұсынды. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды спортқа тарту – жауапты мемлекеттік органдардың жоспарына енген бағыт. Ұйымдастырушылардың сөзінше, әр жарыстың басты мақсаты – тұлғалардың бойында сенім қалыптастыру, дұрыс бағытқа жетелеу.

ҒАЛЫМЖАН ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласының прокуроры:

— Прокуратура органдары қадағалаудың бұл бағытына айрықша мән беріп келеді. Біздің тарапымыздан мұндай іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында “Заң бағыты” атты арнайы акция өткізілді. Аталған шара аясында 1000-нан астам сотталған азамат қамтылып, оларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, сотталғандардың құқықтарының сақталуы – прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Қазіргі таңда облыстық пробация қызметінің есебінде 755 азамат тұр. Оның 339-ы Петропавл қаласында тіркелген.

Жангельді Жамалиев