Спорт

Теріскейлік татами шеберлері Томскіде атой салды

Наурыздың соңында Ресейдің Томск қаласында годзю-рю карате-додан халықаралық турнир өтті. Оған Ресей, Қазақстан, Беларусь және Өзбекстан елінің спортшылары қатысты. Дүбірлі додада жергілікті татами шеберлері намысты қолдан бермей, командалық есепте екінші орын еншіледі. Жерлестеріміз қайсарлық пен шеберлік көрсетті.

ОЛЕГ КОЛТУНОВ, СҚО мейбукан годзю-рю карате-до федерациясының әкімшілік директоры:

— Бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Жаттығулар күн сайын жүйелі түрде өтті, балалардың физикалық дайындығымен қатар, психологиялық тұрғыда да шыңдалуына мән бердік. Әр спортшы татамиге жеңу мақсатымен шықты. Соның нәтижесінде жүлделі орынға қол жеткіздік.

Жалпы, халықаралық турнирде солтүстікқазақстандық спортшылар 9 алтын, 10 күміс және 8 қола медаль еншіледі. Ал өңірімізден 9-ақ каратеші барыпты. Сонда бір адам бірнеше санат бойынша бақ сынап, бірнеше жүлдені мойынға тағынған.

— Бұл спортпен 1 жарым жыл шамасында айналысамын. Жарыста қос 1-ші және қос 3-ші орын алдым. Өзімнен күштірек спортшылармен сайысу қиынға соқты. Бірақ, мен ешбірінен тайсалмадым.
— Мен екінші және үшінші орын иелендім. Соған қуаныштымын. Томск қаласына бірінші рет бардым.
— Осы додаға көп дайындалдым. Қарсыластарым мықты болды. Оларды жеңіп, жүлделі орындарға ие болдым.

Әрбір медаль – табандылық пен тәртіптің жемісі. Солтүстікқазақстандық каратешілер алдағы жарыстарда да атой салуды мақсат санайды.

Жаннұр Бектұрғанова