Сәуірдің 6-сы күні Солтүстік Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең басталады. Қазір өңір құтқарушылары жер-жерде ақпараттандыру жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Іске қарқын қоспаса болмайды. Қардың көбесі сөгіліп, жер құрғағаны сол еді аймақта 10-нан астам өрт шығу фактісі тіркеліп үлгерді.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
— Наурыздың 28-ші жұлдызынан бері облыс аумағында өртенудің 13 жайты тіркелді. Төтенше жағдай Петропавл қаласында, Есіл, Тайынша, Аққайың, Айыртау, Жамбыл, Мамлют және Шал ақын аудандарында орын алды. Жалпы, 3 гектар жер өртенді. Негізгі себеп – отқа немқұрайлы қарау. Тілсіз жаудың қаупін, сақтық ережелерін түсіндіру мақсатында 50-ден астам мобильді топ құрылды. Мамандар тұрақты негізде аралау рейдтерін жүргізуде.
Сенбілік ұйымдастырған жандар ескеруі тиіс талаптар бар. Бір жерге үйілген күл-қоқыс, құрғақ шөп нысаннан кемінде 50 метр жерде жағылуы тиіс. Жалынды ұдайы назарда ұстау – басты міндет. Сонымен қатар, желді күні жиналғанды өртемеген абзал. Орманда да әрдайым қауіпті назарда ұстаған жөн.
ВАСИЛИЙ ЛАБАНЧУК, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
— Наурыз айында орман шаруашылықтарының өрт қаупі жоғары кезеңге дайындықтары пысықталды. Бүгінгі таңда шаруашылықтарда 21 сөндіру көлігі, 129 трактор және өзге де қажетті дүниелер бар. 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Жақында мұндай жабдықтың 7-еуі іске қосылады. Сонымен қатар, аймақтағы орман қорын көздің қарашығындай сақтау мақсатында 33 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынған.
Егер тұлға өрттің шығуына себепкер болса, әкімшілік жазаға тартылады. Алдымен ескерту беріледі. Егер жағдай қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл салынады. Айыппұлдың көлемі келтірілген залалға байланысты тағайындалады.
Байболат Құлтанов