СҚО әкімдігі

Облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады

Көкшетау қаласынан бейнебайланыс арқылы Антонина Огурная сөз алды. Ол жер пайының төленбеуіне шағымданды. Алайда өтініш берушінің анасы жер үлесін 2002 жылы сатып жібергені белгілі болды. Соған қарамастан қазіргі жер иесі әлеуметтік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

 РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

— Ол биыл пай сомасын әлеуметтік көмек ретінде төлеуге дайын

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Біз әкімдерге бұрынғы жер пайлары бойынша жағдайларды назарға алуды тапсырамыз. Сіздің жағдайда пай сатылған, сондықтан заң жүзінде талап қоюға негіз жоқ. Дегенмен, аудан әкімі қазіргі баланс ұстаушымен келісіп, сізге әлеуметтік төлем көрсету мәселесін шешті.

Тілеуберді Шопанов М.Жұмабаев ауданындағы жер учаскелерінің тиімсіз пайдаланылуы мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл сұрақты бақылауға алуды тапсырды. Ал Жания Азтаева оңтүстіктен қоныс аударған. Ол тұрғын үй алу үшін берілетін экономикалық мобильділік сертификатын пайдалана алмай отырғанын айтты.

ЖӘНИЯ АЗТАЕВА, қала тұрғыны:

—Мен үй сатып алу үшін құжат тапсырдым. Жұмыспен қамту орталығы ипотека немесе қолма-қол төлем арқылы алуды ұсынды. Мен қолма-қол төлемді таңдадым. Үй тауып, келісімшарт жасадық. Маған есепшотқа 7 млн теңге түседі деді, бірақ қаражат әлі түскен жоқ.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы бұл жағдай құжат рәсімдеудегі қателікке байланысты болғанын айтты. Мәселе жақын арада шешімін табады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бұл – шешілетін мәселе. Біз 10 күн ішінде көмектесе аламыз. Тиісті қолдау көрсетіледі.

Ерекше балалардың ата-аналары «Менің балам» қоғамдық бірлестігін құрып, тегін білім беру және бос уақытты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді. Мұнда ерекше қажеттілігі бар жүздеген бала қажетті дағдыларды меңгеруде. Алайда, орын тапшылығына байланысты барлық баланы қамту мүмкін болмай отыр. Сондықтан, ата-аналар ғимарат жағынан көмек сұрады. Өңір басшысы мемлекеттік органдарға бұл мәселені пысықтап, қолдау көрсетуді тапсырды.