«Ұлытаудың ұлары ұлтым деген». Қызырлы Қызылжар жерінде студенттер арасында республикалық айтыс өтті. Сөз жарысы Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған. Осыған орай жергілікті жоғары оқу орнының ректор-басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мансұр Әлімханов айтыс өнерінің абызы Жүрсін Молдашұлына «М.Қозыбаев» медалін табыстап, иығына шапан жапты.
МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Kozybaev University ректор-басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
— Біз өте қуаныштымыз, қара шаңырағымызда осындай үлкен, ауқымды іс-шара өткізіліп отыр.
Сонымен қатар, іс-шара барысында жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовқа университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Бұдан кейін көптен күткен сөз тартысы басталды. Ең алдымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ұл-қыз ортаға шығып көрерменге таныстырылды. Олардың қатарында жерлесіміз Диас Аяған бар.
ДИАС АЯҒАН, айтыскер:
— Өзім жергілікті университет атынан өзім бүгінгі додаға түсіп отырмын. Бүгінгі айтыстағы қарсыласым -астаналық Ерсұлтан Аушанов.
Енді жұптар белгілі. Бірінші болып Абай өңірінің жас ақыны Мирас Слайымшайық пен Ақмола облысының сөз шебері Аягөз Мұханқызы тартысқа түсті. “Ұлдың жолы – ұлы жол” демекші, айтысты шығыстың суырып салма ақыны бастады. Өнерпаз қарсыласын тапқыр сөзбен тосылдырды.
Бұны естіген Аягөз қапыда қалмады, бұрымды ащы мысқылмен қарсыласын бір шымшып алды. Сөз жарысы тартысты өтті. Қос айтыскер көрермендердің де, төрешілердің де көңілінен шықты. Бірақ, бұл жолы жеңіс Аягөз Мұханқызына бұйырды. Қазылар алқасы көкшелік көріктінің тапқырлығына 49 ұпай берді, ал Абай өңірінің тумасы Мирастың өнерін 47 ұпайға бағалады. Айта кетейік, республикалық айтыс додасы 2 айналымнан тұрды. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаз алматылық Зарина Пердебай атанды. Тиісінше бас жүлде, яғни 300 мың теңгені Алатау баурайынан келген ақын ұтып алды.
Ұлан Ыдырыс