Қоғам

Явленкада алғашқы «Орда» қонақ үй-хостелі ашылды

Явленкада жаңа қонақ үй-хостел ашылды. Салтанатты шарада Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров сөз сөйлеп, бұл аудан орталығындағы алғашқы мейман күту орны екенін атап өтті.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

— Ауданымызға қосылып отырған үлкен үлес деп ойлаймын. Жергілікті тұрғын ашып отыр. Енді келген қонақтарды қарсы алуға толық мүмкіндік бар.

Қонақ үй-хостел 11 төсек-орынға шақталған. Ауданға іс-сапармен келген, жолда тоқтап, демалуды қалаған жандар үшін таптырмас орын. Нысан ішінде жайлылық сезіледі.

 ЖҰЛДЫЗ ОМАРОВ, кәсіпкер, Есіл ауданы:

— Бұл нысан туристік инфрақұрылымның да маңызды бөлігіне айналады. Қонақтарға жайлы жағдай жасалған. Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды, жұмыс орындары құрылды. Ауданымыз үшін тамаша жаңалық.

Болашақта кәсіпкер жалпы ауданы 400 шаршы метр болатын мейрамхана салуды жоспарлап отыр. Бұл тағы 6 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Есіл ауданының тұрғындары оң өзгерістерге қуанышты.

ЕДІЛ ТҰТҚЫШЕВ, Есіл аудандық мәслихатының төрағасы:

— Бизнес дамып келеді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Қызмет көрсету саласында осындай нысандарды көбірек ашу қажет. Жерлесімізге ауданға инвестиция құйғаны үшін алғыс айтамын. Енді бізге химиялық тазалау орны керек. Жоспар жүзеге асады деген ойдамын.

Есілдіктер нақты жоспар аясында жұмыс істеуде. Билік пен бизнес қоғамға қажетті нысандарды ашуды күн тәртібіне енгізген.

 

Байболат Құлтанов