Күмбірлеген күймен басталып, айтулы оқиғамен жалғасын тапқан кеш. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Алмасбек Алматовтың 70 жылдығына арналған маңызды басқосу өтті. Шара барысында қызылордалық қаламгердің 6 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Ел ағасы өміріндегі ерекше кешті теріскейде өткізуді жөн көріпті.
АЛМАСБЕК АЛМАТОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласы:
— Тау мен таудың ұшар шыңы алыс тұрғанымен, етегі жақын жатады” дейді. Біз қазақ болғаннан кейін ойдағы ел, қырдағы елдің жағдайы қалай екен деп үнемі алаңдап отырмыз. Сол бауырластық бізді байланыстырады.
Жазушының шығармашылығы Қызылжар өңірімен тығыз байланысты. Ол аймақты рухани бай, жыраулық дәстүрге тән деп бағалайды. Мұнда талай мәрте өнер көрсеткен, іздеп тұратын оқырмандары, тыңдармандары да бар.
АЛМАСБЕК АЛМАТОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласы:
— Кітабымның бірінші, екінші томы – «Шыңғыснама» тарихи дастан желісінде жырланған жыр. Одан кейін «Қазына дастаны» – 15 мың жол, одан кейінгісі – 10 мың жол. Бас-аяғы – 25 мың жол. 3 кітап дастан күйінде. Төртінші – әңгімелер жинағы. Бесінші – биобиблиография, яғни бүкіл шығармашылық жолымыздың анықтамалық жинағы. Алтыншы – 70 жылдыққа байланысты айтылған тілектер мен ғылыми мақалалар тізбегі.
Кеш барысында жиналған қауым жазушының еңбегіне жоғары баға берді. Салтанатты шарада құрметті қонаққа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов сөз алып, қоғам қайраткеріне ыстық ықыласын білдірді.
ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
— Жырыңызбен елдің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнердің мәртебесін биіктетіп келесіз. Біздің өңірге арнайы ат басын бұрып келгеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Осы сәтті пайдалана отырып, сізді мерейлі 70 жастығыңызбен шын жүректен құттықтаймыз.
Нақтылай кетсек, 6 томдық жинақ мазмұны жағынан әрқилы бағытты қамтиды. Дастандар мен прозалық туындылар, ғылыми еңбектер мен өмірбаяндық деректер бір жүйеге топтастырылған. Мың данамен жарық көрген әр кітап 300-ге жуық беттен тұрады. Айта кету керек, алдағы уақытта өңірімізде Алмасбек Алматов сынды дарындар тәрбиеленетін Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы жоспарлануда. Бұл мәдениет пен білімнің дамуына жаңа серпін бермек.
Жангельді Жамалиев