СҚО әкімдігі

Өңірде балаларды қабылдаушы кәсіби отбасылар пайда болуы мүмкін

Өңірге арнайы жұмыс сапарымен Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілі Құралай Жұмабекова келді. Нәзікжанды теріскейде игі іс бастамақ ниетте. Ол көршілес аймақтағы тәжірибені әкелмек. Ақмолада жетімдер үйі жоқ, бұған себеп – балаларды қабылдаушы кәсіби отбасылардың пайда болуы. Атауы айтып тұрғандай, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарды мейірімді жандар бауырға басады.

ҚҰРАЛАЙ ЖҰМАБЕКОВА, Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілі:

— Басты мақсат – Қазақстанда кәсіби қабылдаушы отбасыларды енгізу. Осы бағытта Ақмола облысында ілкімді іс тындырдық. Мұнда 4 жанұя өзге адамдардың балаларын қабылдамақ. Енді жиналған тәжірибемізді теріскейлік мамандармен бөліскіміз келеді. Кәсіби қабылдаушы отбасылар міндетті түрде арнайы дайындықтан өтеді, кейін бір уақытта 4 балаға дейін тәрбиелеуге мүмкіндік алады.

Іс-шараға Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» қоғамдық қорының психологы да келіп отыр. Эсет Куссиева қабылдаушы кәсіби отбасылардың күтімінде болған балалардың психологиялық жағдайы тұрақты болатынын жеткізді.

ЭСЕТ КУССИЕВА, Ақмола облысы бойынша «Аналар үйі» ҚҚ психологы:

— Қабылдаушы кәсіби отбасыларға түскен балалар онда уақытша тәрбиеленеді. Осы сәтте балалардың әке-шешесі ата-ана құқығын қайтаруға тырысады, бұл бағытта оларға арнайы қолдау көрсетеміз. Баланың күйзеліске ұшырауына жол бермейміз. Яғни, отбасыны қалыпқа келтіріп, балаларды жетімсіретпейміз.

“AMANAT” партиясының облыстық филиалында өткен жиында мәселе жан-жақты талқыланды. Болашақта аймақта балаларды қабылдаушы кәсіби отбасылар анықталуы мүмкін.

Ұлан Ыдырыс