Мәдениет

Белгілі айтыскер Серік Қалиев теріскейлік жастармен кездесті

Танымал айтыскер Серік Қалиев теріскейлік жастармен кездесті. Тағылымы мол іс-шара Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті. Ақынның арнайы қонақ болып келуі тектен-тек емес, іс-шара балалар әдебиеті апталығы аясында ұйымдастырылып отыр, ал Серік Қалиев – осы жанрда қалам тербеген жандардың бірі. Қаламгер балалар баспасында 8 жылға жуық жұмыс істеген.

СЕРІК ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын:

— Мен балалар әдебиетіне кездейсоқ келмедім. Баспа саласында қызмет істедік. Сол уақытта кейбір тақпақтардың ұйқасы, мән-мағынасы келмей жатады. Соны түзеп жүріп бір күні марқұм болған балалар әдебиетінің классигі Сұлтан Қалиев ағамызбен кездестім.

Жиынға мектеп оқушылары, колледж студенттері келді. Олардың барлығы әдебиетке, кітап оқуға құмар. Жастардың сөзінше кездесуден олар мол ақпарат алды. Айта кетейік, бүгіннен бастап Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар әдебиеті апталығы өтеді. Оның аясында түрлі іс-шаралар, тағылымды кездесулер ұйымдастырылатын болады.

Ұлан Ыдырыс