Мына залда асыр салып жүрген балалар спортқа жақын. Өкінішке қарай, бойларындағы дертке байланысты олар қатарластарымен бірге жаттыға алмайды. Бірақ, қазіргі таңда облысымызда мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға көп көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – Петропавлдағы “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубы. 2023 жылы ашылған жаттығу орнында қазіргі таңда 20-дан астам жеткіншек дайындалып жүр.
АҚЖАН НӘКЕНОВ: “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығының жаттықтырушысы:
— Ұл-қыздарды армлестинг, қоян-қолтық ұрыс және күрес бойынша аптасына 3 күн жаттықтырамыз. Клубқа 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Олар залда спортпен шұғылданып, ортаға бейімделеді. Бір-бірімен араласады. Өзін жақсы қырынан танытқандарды жарыстарға апарамыз.
Залдағы балалардың көзінен отты байқауға болады. Барлығы аса белсенді. Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күніне орай қалалық жастар ресурстық орталығының мамандарды жеткіншектермен кездесті. Ұл-қыздармен тілдесіп, түрлі ойындар ойнатты. Соңында барлығына тәтті және естелік сыйлықтар табысталды.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Қалалық жастар ресурстық орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөледі. 1 ай бойы ерекше ұл-қыздарға арналған орталықтарды аралауды жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз – жеткіншектердің көңілін көтеру.
Егор Миргородский 14 жаста. Оған туғаннан бастап “Аутизм” диагнозы қойылған. Бірақ, бұл жасөспірімнің мүмкіндігін шектемейді. Жеткіншек тұрақты түрде спортпен айналысады, жетістіктерімен жақындарын қуантады.
ЕГОР МИРГОРОДСКИЙ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәрбиеленушісі:
— Маған мұнда барлығы ұнайды. Жаттықтырушылары да жақсы. Спорт клубында дайындалып жүргеніме 2 жылдан асты. Осы уақыт ішінде күрес пен бокстағы түрлі әдіс-тәсілдерді үйрендім. Мұнда бізді спортқа ғана емес, тәртіпті болуға баулиды.
“Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубы аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жұмыс істейді. Мұндағы жаттығулар балалар үшін тегін.
Нұрасыл Ахмет