Табиғи монополияларды реттеу комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшылығы өткен жылды қорытындылады. Былтыр мемлекеттік орган тарапынан түрлі заң бұзушылықтар негізінде 14 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде жауаптылар шамамен 53 млн айыппұл арқалапты. Бүгінде 20 млн теңге өндіріліп алынған.
АЛМАТ СЕЙДАХМЕТОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:
— 32 973 671 теңге сомасындағы айыппұл атқарушы органдарда мәжбүрлі орындауда тұр. Былтыр “Виктория” ұйымы тіркелді. Аталған ұйым жергілікті тіркелімге кірмей, кірме жолдарға қызмет көрсеткен.
Жалпы, департамент 70 реттелетін қызмет бойынша табиғи монополиялар саласында әрекет ететін 51 субъектінің қызметін реттейді. Бұлар әртүрлі саланы қамтиды.
АЛМАТ СЕЙДАХМЕТОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:
— Оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелері саласында – 37 қызмет, электр энергетикасы саласында – 2 қызмет, жылумен жабдықтау саласында – 20 қызмет, кірме жолдар саласында – 11 қызмет. Олардың ішінде 4 субъект бес жылдық кезеңге арналған ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді, сондай-ақ негізгі құралдарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған бекітілген ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламалары бар.
Өзіміз жақсы білетіндей, елімізде коммуналдық қызмет тарифтерін өзгертуге мораторий жарияланған. Ол 1-сәуірде күшін жояды. Яғни, компаниялар көктемнің екінші айынан департаментке кірісті арттыру мақсатында өтінім білдіреді. Қолда бар деректерге сүйенсек, Петропавлда бюджеттік ұйымдар үшін су қымбаттамақ. Бұл өзгерісті халық сезінбейді.
Байболат Құлтанов