Білім

Петропавлда түркиялык, танзаниялық мұғалімдер қатысқан форум өтті

Петропавлдағы №28 орта мектепте ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған ауқымды халықаралық форум өтті. Оған онлайн режимде қазақстандық, қырғызстандық, түркиялық және танзаниялық 100-ден аса маман қатысты. Шарада ұстаздар білім берудегі цифрлық құралдар жайлы айтты, балалардың шет тілін тез меңгеруге арналған креативті әдіс-тәсілдерін және жаңа ойларын ортаға салды.

ЛЕЙЛА ӘЛМАҒАМБЕТОВА, “Өрлеу” БАҰО АҚ СҚОФ кәсіби даму институтының директоры:

— Бүгін әдістемелік мәселелерді, сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект тақырыбын талқылаудамыз. Бізге халықаралық тәжірибе қажет. Сондықтан алыс-жақын шетелдердегі әріптестерімізбен байланысқа шықтық. Бір-бірімізге пайдалы кеңестер ұсынамыз. Бұл біздің мұғалімдерді алға жетелейді.

Балаларға ағылшын тілін үйретудің бірден-бір жолы – телевизиялық нұсқадағы туындыларды көрсету. Жай ғана таныстыру аздық етеді. Ұл-қыздарды сол шығармамен байланыстыру. Мұндай тәсілді петропавлдық педагог ұсынады. Көріп тұрғандарыңыздай, балалар кейіпкерлерді ағылшын тілінде дыбыстауда. Бұл әдіс арқылы тіл жаттығады және түсінік артады.

БЕЙНЕГҮЛ БЕКБОЛАТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ халықаралық кампусының аға оқытушысы:

— Бүгін форумда “Creative dubbing: a new English lab” тақырыбында баяндама жасадым. Бұл әдіс ағылшын тілі сабағында оқушылардың мультфилмдерді өз дауыстарымен дыбыстауға негізделген.

Халықаралық шара соңында қатысушыларға сертификат табысталады. Ал үздік идеялар өңір аумағындағы мектептерде жүзеге асырылмақ.

 

Жаннұр Бектұрғанова