Мәдениет

Петропавлда республикалық күй тартыс байқауы өтті

Петропавлдағы оқушылар сарайында Домбыра-Дастан VI республикалық күй тартыс байқауы өтті. Өнер додасына еліміздің түкпір-түкіпірінен келген 24 ұл-қыз бақ сынады. Олардың қатарында Маңғыстау, Ақтөбе облысы және Астана қаласының өкілдері бар. Жалпы, жарыс өңірде күй тартыстың дамуына ерекше қарқын берген Серікбай Здуалиевті еске алуға арналып отыр.

ЛӘЗЗАТ ЖЕТПІСБАЕВА, «Серпер» өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, Ақжар ауданы:

— Біз осы байқаудың ұйымдастырушылары боламыз. Бұл байқаудың негізін қалаушы – Ақжар ауданы «Серпер» өнер мектебінің ең алғашқы директоры Здуалиев Серікбай Қабжанұлы.

Байқаудың шартына тоқталып кетейік. Жастар жұп-жұпқа бөлініп жарысады. Сайыс екі кезеңнен тұрады, әр кезеңде 5 туынды беріледі. Ережеге сәйкес бірі бастаған күйді екіншісі іліп алып кетуі тиіс.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шағармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

— Байқауымыздың басты критерийлері – орындаушылық техникасы және саханада өзін-өзі ұстауы.

Шығармашылық байқаудың шымылдығы жергілікті өнерпаздардың би қойылымымен ашылды. Сайыс басталды. Ортада – Айыртау ауданынан келіп отырған Алдияр Серік пен Петропавл қаласының өкілі Данияр Мадияр. Тартысты қонақ қатысушысы бастады. Екеуі де домбыраның құлағында ойнайды екен. Қос қарсылас бір іркілген жоқ. Бірақ төрешілердің шешімі бойынша петропавлдық күйші жеңіске жетті.

ДАНИЯР МАДИЯР, оқушы:

— 5-ші сыныптан бері мен домбырамен айналысып жүрмін.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың ауқымы жыл сайын кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Сол себепті де аталмыш сайыс алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Ұлан Ыдырыс