Білім

Петропавлда “Decentrathon” хакатоны бастау алды

Петропавлда технологиялық маңызды шара ұйымдастырылды. “SKO Hub” орталығында “Decentrathon” хакатонының ресми ашылуы өтті. Бұл білім сайысы -еліміздің түкпір-түпірінен жиналған жас мамандар мен IT саласына қызығатын жастарты біріктіретін ірі жоба. Биыл хакатон бір уақытта еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып отыр. Ал біздің өңірден онда 40 командадан құралған 100-ден астам қатысушы бақ сынауда. Олардың арасында мектеп оқушысы да, бағдарламашы болып жұмыс істеп жүргендер де бар.

АЙДЫН ИСАТАЕВ, НЗМ оқушысы:

— Жасанды интеллект жайлы ақпарат жинадық. Оны қалай пайдалануға болатынын, қандай түрлері бар екенін қарадық.

Шараның басты мақсаты – заманауи технологияларды пайдалана отырып жаңа әрі пайдалы жобаларды дүниеге әкелу. Қатысушылар 10 күн бойы командасымен бірге онлайн түрде жасанды интеллект және IT бағыттар бойынша тапсырмалар орындайды. Тәжірибелі менторлардан кеңес алып, жаңа білім мен дағдыларды меңгереді. Өз идеяларын дамытып, оны болашақта ірі жобаға айналдыра алады. Бұл – әсіресе жас мамандар үшін зор мүмкіндік.

МИЛАН АЛКЕШЕВ, “SKO Hub” орталығының менеджері:

— “Decentrathon” сияқты жобалар өңірдегі IT саласының дамуына да оң әсерін тигізеді. Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылып, технологиялық ойлау қабілеттері дамиды. Болашақта мұндай бастамалар елімізде инновациялық жобалардың көбеюіне және цифрлық экономиканың дамуына жол ашады. Өткен жылы біздің ұл-қыздар осы сайыста жеңімпаз атанып, 1 жарым млн теңгені ұтып алған болатын. Қазіргі таңда өз жобаларын дамыту үстінде.

Сайыс соңында әр команда өз жобасын сарапшыларға таныстырады. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігі мен сапасына қарай бағалайды. Ең үздік жоба авторлары өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алады.

 

Мәдина Қаби