Құқық қорғау органдары

Облыстың бас полицейі халық алдында есеп берді

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов халық алдындағы есептік кездесуін өткізді. Дәстүрлі жиында былтырғы жұмыстар бастан-аяқ баяндалды. Өңірдің бас тәртіп сақшысының сөзінше, аймақтағы қылмыстар саны 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмендеген. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды шаруа тындырылған. Соған қарамастан облыста интернет алаяқтық фактілері азаймай тұр.

АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД бастығы:

— Былтыр интернет алаяқтар 1 млрд 400 млн теңгеден астам шығын келтірді. Оның жартысына жуығы тұрғындарға қайтарылды.

Былтыр облыста 600-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, салдарынан 40-тан астам адам қаза тапты. 800-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алды. Тәртіп сақшылары автожолдарда жүздеген рейд жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1100-ден астам мас жүргізушіні анықтады. Абай Қуатбайұлының сөзінше, өңірде отбасылық жанжалдардың саны азаймай тұр.

АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД бастығы:

— Отбасы ішінде орын алған қылмыстардың 90 пайызы мас күйде жасалған. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп жатырмыз.

Кездесуде мәселемен келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Кошуков көшесі, 4 мекенжайында тұратын қала тұрғыны Евгения Шмаргун өзі тұратын баспана айналасына бейнебақылау камераларының орнатылғанын қалайды.

ЕВГЕНИЯ ШМАРГУН, қала тұрғыны:

— Кейбір тұрғындар қоқыс жәшіктерінің алдына ірі көлемдегі қоқыс тастайды. Оны тазалыққа жауапты серіктестіктер әкете алмайды. Бейнебақылау камераларының жоқтығынан иесі кім екенін таба алмаймыз. Осы мәселе шешімін тапса екен деймін.

Абай Қуатбайұлының сөзінше, биыл облыстағы қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлердің алдына 500-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылады. Оның ішінде сұрақ қойған нәзікжанды тұратын баспана да бар.

Нұрасыл Ахмет