Атақты Мағжан, Сәбит, Еріктердің ізі қалған Қызылжарға айтыс аламаны қайтадан жетті. 2-сәуір күні облыс орталығында республикалық командалық айтыс өтеді. Аламан алдында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов теріскей намысын қорғайтын сүлейлермен кездесті. Сәттілік тіледі, әкімдік тарапынан зор қолдау көрсетілетінін жеткізді. Айта кету керек, нағыз таланттар мен өнер иелері топтасқан додаға 20 команда қатысады.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:
— Жеребе тартылды. Өз жерімізде Алматы облысының командасымен тартысамыз. Бізге артылған жүк ауыр. Былтыр өткен мегажобада 3-орынды ие болдық. Биыл бұл көрсеткішті жақсартқымыз келеді.
Бірден айту қажет, мегажоба айтыспен шектелмейді. Додаға әр командадан төрт айтыскер, термеші, жыршы мен дәстүрлі әнші және күйші қатысады.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:
— Додаға сақадай саймыз. Облыс әкімі бізге зор үміт артып отыр.
Шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жарқын мен Жұмабектей ағаларының жолын қуған Диас Аяғанның айтыс өнерінде жүргеніне 5 жылдан асқан. Жас талант мегажобада түр айтыс бойынша сынға түседі.
ДИАС АЯҒАН, айтыскер ақын:
— Айтыстың 4 жанры бойынша сынға түсеміз. Олар: сүре айтыс, қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс және түр айтыс. Әрбіреуінің өзіндік ерекшелегі бар.
“Қызыр қонған Қызылжар” атты жыр додасы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өтеді. Сайыс сағат 16:00-де басталады.
Нұрасыл Ахмет