Жаһандық додада Әнұранымызды шырқатқан спортшы қай кезде болмасын құрметке лайық. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты қабылдады. Толағай IIIдәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар алдында саған еліміздің көк Туын табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтадың.
Шарада Ербол Хамитовтың чемпион болуына зор үлес қосқан бапкерлерге түрлі марапат табыс етілді. Соңғы жылдары елімізде параспортқа ерекше қолдау көрсетілуде. Былтыр 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табады. Чемпион жерлесіміз кездесу барысында Президентке көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдірді.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы:
— Осы Паралимпиада ойындарында маған ауыр жүк жүктелді. Сіздің қолдауыңыздың арқасында жеңіске жеттік.
Бұнымен марапаттар легі тоқтаған жоқ. Бүгін Туризм және спорт министрі Ербол Хамитовке “Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері” атағын табыстады.
Нұрасыл Ахмет