Бойдағы құштарлық балықшыларды жылдың кез келген мезгілінде, кез келген ауа райында өзен-көлдерге жетелейді. Қазіргі таңда облыста күн күрт жылып, сынап бағанасы +10 градустан асты. Мұндай кезде мұз жұқарып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты төтеншеліктер балықшылармен кездесті, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
НҰРСҰЛТАН ТӨЛЕГЕН, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері:
— Адамдар өзен-көлдерге барған кезде беріктігін таяқпен тексеріп алған дұрыс. Себебі, кез келген сәтте мұз опырылып, қайғылы оқиға болуы мүмкін.
Түсіндірме жұмыстары барысында тұрғындарға жаднама таратылды. Әрқайсысында мұз үстінде жүру ережелері жазылған. Қазіргі таңда өзен-көлдерге топтасып баруға болмайды. Балықшылар кем дегенде 3-5 метр арақашықтықты сақтауы қажет.
АЙНҰР СӘРСЕНБАЕВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Шара “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізіліп жатыр. Ата-аналармен де кездесіп, балаларын өзен-көлдерге жібермеуін сұраймыз. Түсіндірме жұмыстары жыл бойы жалғасын табады.
Төтеншеліктердің сөзінше, қазіргі таңда өзен-көлдердегі мұздың қалындығы 20 см-ден төмен. Бұл – өте қауіпті. Мамандар сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
Мәдина Қаби