Мәдениет

Жоғалған қыз анасына тапсырылды

Мереке күндері өңір полицейлері күшейтілген негізде жұмыс істеді. «Челябі – Новосібір» автожолында «Renault Duster» көлігінің жүргізушісіне мамандар көмегі қажет болды. Ол шұғыл медициналық жәрдемге мұқтаж адамды тасымалдап бара жатқан. Тәртіп сақшылары оны облыстық ауруханаға дейін алып жүрді. Ал «Жезқазған – Петропавл» автожолында шенділер жүк көлігінің жүргізушісіне қол ұшын созды.

Полицейлер жаппай мерекелік іс-шаралар өтетін орындардағы қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлді. Мұнда патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар және басқа да бөлім қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Өкінішке қарай, көңілді шаралар кезінде балалардың көпшілік арасында адасып қалу жайты тіркелді. Жедел басқару орталығының мәліметінше, 22 наурыз күні полиция мұндай 7 дерек бойынша іздеу жүргізді. Мысалы, мерекеде Былғары зауыты ауданында серуенге шығып, жоғалып кеткен 3-сынып оқушысы іздестірілді. Нәтижесінде адасқан қыз табылып, анасына тапсырылды.

Мереке күндері қала тұрғындары полицияға отбасылық жанжалдар бойынша 49 рет жүгінген. Тағы 21 өтініш түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілеріне қатысты болды. Сонымен қатар, шенділер қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің 12 дерегін тіркеді.

Байболат Құлтанов