БалаларҚоғам

«Жастар сағаты» кездесуі – пайдалы ақыл-кеңес жиыны

Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінде “Заң және тәртіп” республикалық тұжырымдамасы аясында «Жастар сағаты» атты кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында арнайы мамандар студенттерге интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік бойынша ақпарат ұсынды.

Интернеттегі қауіптің бірі – есірткі саудасы. Жастар оңай ақша табу жолында бұрыс жолға түсіп, опық жеуде. Көлденең табыстың кесірінен болашағынан зор үміт күттірген балалар өмірдің бір бөлігін тар қапаста өткізуге мәжбүр. Аз-кем сандармен бөлісейік. Биыл аймақта есірткі бизнесіне қатысты 86 қылмыс тіркеліп, заңсыз айналымнан шамамен 8 келі зиянды зат алынған. Оның 7 келісі – синтетикалық түрі.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы:

— Осы іс-шараның басты мақсаты – студенттер мен сарапшылар арасында тікелей байланыс орнату, тәжірибе мен пікір алмасуға жол ашу. Сонымен қатар, заңнаманы сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу мен денсаулықты нығайту бағытында кеңес беру болып табылады. Осындай жиындарға өскелең ұрпақ бейжай қарамауы керек. Мұндағы деректер әрқайсысымызға қажет.

Ашық форматтағы кездесуде студенттер өз ойларын еркін жеткізу мүмкіндігін де иеленді. Өзекті сұрақтарға жауап берілді.

ДАНИЭЛЬ КОНОВАЛОВ, СҚ жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

— Мен спортпен кәсіби түрде айналыстым. Адам үшін ең қымбат байлық – денсаулық. Егер біз зиянды әдеттерге бой алдырсақ, ертеңгі күніміз бұлыңғыр болады. Есірткіге, заңсыз табысқа, бұзушылықтарға жолап керек емес. Ата-анамызды мұңайтуға хақымыз жоқ. Осыны қатарластарыма айтқым келеді.

«Жастар сағаты» алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Ұйымдастырушылар өзге білім ұяларына барып, кездесулер өткізуді жоспарға енгізіп қойған.

 

Жангельді Жамалиев