Экология

Экоакция: Қоқыс тастап, тәтті ал

Демалыс күндері Петропавлдың орталық алаңында қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен игі іс-шара өтті. Қала тұрғындары қоқысты арнайы жәшіктерге тастап, тәтті алды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш акция азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында өткізіліп отыр.

МҰСА ӘУБӘКІРОВ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Бұл жерде қоқыстың түріне байланысты 3 жәшік орналасқан. Қала тұрғындары қолындағы немесе көше бойында көрген қоқысты осында келіп тастайды, тиісінше сыйлық ретінде тәтті алады. Қалдықтардың барлығы жергілікті қайта өңдейтін кәсіпорындарға жіберіледі.

Қоқыс тастауға ниет білдіргендердің қарасы қалың болды, олардың басым көпшілігі – жастар.

— Экологияға мұқият қарау керек. Өз басым қалдықты әрдайым қоқыс жәшіктеріне саламын әрі тазалықты сақтауға тырысамын.

— Мен қоқысты әрдайым арнайы жәшіктерге тастаймын. Себебі, қоршаған ортаны таза ұстауымыз керек.

— Бұл іс-шараның беретін пайдасы мол деп есептеймін. Қаламыз таза болады әрі экологиялық мәдениет қалыптасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта осы сынды экологиялық акциялар Петропавлда жиі өткізілмек.

Ұлан Ыдырыс