Қоғам

Волонтерлер жалғызбасты қарияларға көмектесті

Мереке күндері волонтерлер игі іс жасап, жалғызбасты жандарға көмек көрсетуге шықты. Олар Жұмысшы кентінде тұратын қариялардың үйлерін аралап, қолғабыс етті. Алғаш болып волонтерлер 84 жастағы Надежда Воробьеваның үйіне барды. Жалғыз түратын кейуана үшін ауладағы қалың қарды тазалау оңай емес. Еріктілер бірлесе отырып, ауласын қардан аршып, үй маңын ретке келтірді. Қария оларға шынайы алғысын білдірді.

НАДЕЖДА ВОРОБЬЕВА, қала тұрғыны:

— Менің жалғыз тұрып жатқаныма біраз жыл болып қалды. Ұлым Ресейде, ал жолдасым бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен. Маған құрбым немесе көршім көмектеседі. Арасында осылай еріктілерді де шақырып тұрамын. Оларға ризашылығымды білдіремін.

Одан кейін волонтерлер тағы да бір көмекке мұқтаж жанның үйіне барып, біраз жұмыс атқарды. Олар тек ауланы тазалап қоймай, үй шаруасына да көмектесті.

ВАЛЕНТИНА ШЕБАЛЕНА, қала тұрғыны:

— Еріктілер маған жиі келіп тұрады. Қашан хабарлассам да бетімді қайтармайды. Қыста да бірнеше рет есік алдындағы қарды тазалап берген еді. Үйдің ішіндегі жұмыстарға да көмектеседі. Жасым 87-де. Жылдан жылға жағдайым нашарлап бара жатыр. Жұмыс істеу де қиын. Ал волонтерлер қандай көмек қажет болса, соның барлығын істейді.

Игі істер жыл бойы жалғасады. Еріктілер жалғызбасты қарияларды назардан тыс қалдырмайды. Жыл басынан бері осындай көмекке мұқтаж 260 адамға жәрдем берілді.

 

Мәдина Қаби