Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Шара шымылдығын ашқан кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмриннің сөзінше, былтыр облысқа 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Құйылған қаржының 35 пайызы шетелдік компаниялардан келген. 2026 жылға ауқымды жоспар құрылыпты.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
— Биыл облысқа 775 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 35 млрд-ты құрады. Петропавл қаласы мен Ақжар, Уәлиханов, Шал ақын, Қызылжар аудандарында маңызды жұмыс баяу жүріп жатыр. Ал Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Есіл аудандарында тұрақты өсім байқалады.
Қазіргі таңда облыста 900 млн теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорындар қолданысқа берілгеннен кейін 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Экономиканы дамыту үшін инвестиция тарту жұмыстары қарқын алу қажет. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі жауапты атқамінерлерге бірқатар тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Аудан әкімдері, басқарма басшыларымен бірлесіп кәсіпкерлермен кездесіңіздер. Жоспар құрып, ұсыныс тастаңыздар. Зор жетістікке жеткен әріптестеріңіздерден үлгі алыңыздар. Инвестиция тарту жұмысы кезек күттіретін мәселе емес. Халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан жауапты мамандардан жүйелі жұмыс күтемін.
2025 жылы облыста 95 мыңға жуық аула тазаланды. 74 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Айта кету керек, тазалық шараларына 171 мыңнан астам жерлесіміз қатысқан.
ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
— Былтыр облыста 195 мың көшет отырғызылды. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Тұрғындарды тазалыққа шақыру мақсатында түрлі сайыс ұйымдастырамыз. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге қомақты сыйақы қарастырылған.
Биыл облыста “Таза Қазақстан” акциясы аясында өтетін шараларға 3 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінді. Өңірде 10-сәуірден бастап жалпыоблыстық сенбіліктер өткізіледі.
Нұрасыл Ахмет