СҚО әкімдігі

Өңір басшысы қаладағы тасқынның алдын алу жұмыстарымен танысты

Облыс орталығында тасқынның алдын алу үшін жүйелі әрі кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Өңір басшысы ең алдымен Жұмысшы кентіндегі ахуалмен танысып, тұрғындармен кездесті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бір қарағанда, облыс бойынша қар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға аз сияқты. Алайда, көріп отырғанымыздай, қардың басым бөлігі қалалар мен елді мекендерде шоғырланған. Соның нәтижесінде қар деңгейі бойынша былтырғы көрсеткішке іс жүзінде жақындадық. Қазір ең басты міндет – еріген қар суы мен жер асты суының салдарынан болатын су басудың алдын алу.

Сондай-ақ, өңір басшысы Исмаилов пен Парк көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан 54 пәтерлі, бизнес-класс санатындағы коммерциялық тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын көрді.

Ғауез Торсанұлы Жұмабаев көшесіндегі 72 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен де танысты. Бұл баспанаға Заречный кентінің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр.

АНДРЕЙ КАПУСТИН, «АЛЬФА-СЕВЕР» ЖШС директоры:

— Бүгінгі таңда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір тоғызыншы қабатты аяқтап жатырмыз. Жақын арада жылу жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз. 8-ші қабатқа дейінгі жылу жүйесі толық тартылған, радиаторлар орнатылған. Электр желілері де жүргізіліп, сылақ жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр. 9-шы қабатты жоспар бойынша наурыз айының соңында аяқтаймыз.

Қалада қыстан бері қар шығару, кәріз жүйелері мен арықтарды тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін шамамен 900 мың текше метр қар шығарылды. Бүгінде бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасуда. Облыс әкімі Бірлік шағын ауданында да болып, жағдайды бағамдады.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

— Тұрғындардан қар шығару туралы өтінімдер түскен кезде оларды 109 нөміріне жолдаймыз. Қажет болған жағдайда мотопомпа арқылы су сорылып, қар шығарылады. Аумақты тексеру барысында негізгі қауіп аулалар мен бақша аумақтарында байқалды. Бүгінде 20 шақты ауладан қар шығарылды, тиісті жұмыс қазір 4 аулада атқарылуда. Барлығы тұрғындардың өтініші негізінде жүргізіледі. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетіліп жатыр.

Тасқынның алдын алу жұмыстарына 200-ге жуық техника, 100-ден астам мотопомпа мен 30 ассенизаторлық көлік тартылған. Сондай-ақ, 350-ден астам адам, оның ішінде еріктілер, әскери қызметшілер және коммуналдық сала мамандары жұмылдырылып отыр.