Ұлыстың ұлы күнінде Петропавлдағы орталық алаң адам танымастай өзгерген. Мұндағы үлкеннің де, кішінің де жүздері жадыраңқы. Мереке барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовте танысты. Өңір жетекшісі Қазақстан Конституция көшесін аралауды қалалық әкімдік жанындағы аумақтан бастады. Бұл жақта ауыл-шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтуде. Түрлі көрмелер де халық назарына ұсынылды. Киіз үйлерде қаумалаған халық, білек күшін сынаған азаматтар да мейрамға ерекше сән берді.
Облыс әкімі ұлттық киімдердің көрсетілімі ұсынылған аумаққа табан тіреді. Мұнда әртүрлі шеберлік сабақтар өтті, сонымен қатар ұлттық бұйымдар, тұрмыстық заттар сататын дүнгершектер қанат жайды.
БЕРІК ҚАСЕН, сәндік-қолданбалы өнер шебері:
— Мына қолымда ұстап тұрға 12 адамдық астау. Мұндайды Қазақстанда тек 2 шеберхана жасайды.
Қазақстан Конституциясы көшесіндегі мерекелік іс-шараларды тамашалап, халықпен тілдескен соң Ғауез Торсанұлы басты алаңға келді. Бұл жерде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ресми бөлігі өтеді. Сахнаға шыққан аймақ жетекшісі өңір тұрғындарын, қонақтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды. Ұлтына, діни сеніміне қарамастан егемен елімізді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды.
Салтанатты шарада биыл еліміздің намысын қорғап, абыройын асқақтатқан жандар марапатталды Солардың бірі – қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов. Облыс әкімі спортшыға 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы:
— Екі ай бұрын Мемлекет басшысы маған туды табыстаған болатын. Сол кезде мен “Әнұранымызды шырқатамын” деп сөз берген едім.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Кристина Шумекова да бөркін аспанға атты. Оған да пәтер кілті табысталды.