Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Қос тарап арадағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Шара шымылдығын ашқан өңір жетекшісі тың жобаларды жүзеге асыруға әрдайым дайын екенімізді жеткізді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Құрметті Сильван мырза, екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде екеніне қуаныштымын. Оған сіздің қосқан үлесіңіз зор. 2025 жылы Франция мен СҚО арасындағы тауар айналымының көлемі 2 млрд теңгеден асты. Ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын. Барлық тұрғыда көмек көрсетуге әзірміз.
Соңғы жылдары Франция мен СҚО арасында ауыл шаруашылығы мен медицина саласы бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған. Шара барысында меймандар өңірімізде егін және мал шаруашылығын одан әрі дамытуға көмектескісі келетіндерін жеткізді. Сонымен қатар, ауруханаларға түрлі дерттердің алдын алуға арналған қондырғыларды орнатуды жоспарлап отыр.
СИЛЬВАН ГИОГЕ, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
— Францияда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Біз егін өсіру, мал шаруашылығы салаларын дамытудың озық технологияларын ұсына аламыз. Қой мен ірі қараны СҚО-ға экспорттағымыз келеді. Сондай-ақ, бағалы медициналық қондырғыларды сіздерге әкелуді жоспарлап отырмыз. Облыстық әкімдіктен зор қолдау күтеміз.
Меймандар алдағы күндері өңірдегі бірнеше нысанды аралап, мүмкіндігімен танысатын болады.
Нұрасыл Ахмет