Бескөлдің басты алаңында Ұлыстың ұлы күні сән-салтанатымен аталып өтті. Ән айтылып, күй шертіліп, би биленіп, жұртшылық мерекенің көркін қыздырды.
ЕРКЕБҰЛАН ҚАРЫП, Қызылжар аудандық мәдениет үйінің өкілі:
— Қызылжарлықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Бүгін аудан әкімшілігінің басқармасымен халыққа керемет көңіл күй сыйлап жатырмыз. Қызылжар аудандық мәдениет үйінің әртістері өнерін көрсетеді. Наурызды жыл сайын барлық бөлімдер бірлесіп қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын, көрсетіп халыққа ұсынамыз.
Сахна төрінде “Бата беру” сынды тағылымды дәстүрлер көрсетіліп, “Батаменен ел көгерер” деген ұлағаттың мәні ашылды. Ақ дастархан жайылып, бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Ал мерекелік көңіл күйді тұрғындардың өзінен сұрап білдік.
— Наурызды жыл сайын тойлаймын. Бұл мейрамды ерекше жақсы көремін. Отбасымызбен бесбармақ дайындаймыз.
— Халқымызға амандық, тыныштық тілеймін! Пәле-жала, апаттардан сақтасын!
— Әрр шаңырақта тек шаттық, қуаныш, береке болсын! Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын!
Жаннұр Бектұрғанова