Мәдениет

Асау ауыздықтаған аралағаштық жастар

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

— Аралағаштың жалынды жастары атқа, ұлттық спортқа құмар. Мына бір-бір үйдің батырлары қыс бойы көкпар ойнапты. Мұндайды жиі кездестері бермейсің. Телефон емес тізгін ұстаған, ерте жастан тұлпар баптаған толағайлардың тартысын көрейік.

Аралағаштың жігіттеріне ауыздықпен алысқан асауды үйрету асық ойнағанмен бірдей. Әрқайсысы тұсамыс үзер тұлпар ұстайды. Бәйге, аударыспақ және көкпар десе ішер астарын жерге қояды. Бұғанасы қатқан жас батырлардың тартысы айызды қандырады. Құлагермен құстай ұшу, жерден муляж серкені көтеру, тақымға салып, қарсыласқа бермеу – таңдай қақтырарлық өнер. Жүрек, ептілік және намыс керек. Қорқақ хоккей емес, қорқақ көкпар ойнамайды.

ЕРХАН ТЕМІРХАНОВ, Аралағаш ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Көкпар спорты ежелден келе жатыр. Аталарымыз, ағаларымыз ойнады, өзіміз де тартып, облыс чемпионы болдық. Інілеріміз жолымызды қуып келе жатыр. Қолдан келгенше көмектесіп жүрміз.

“Әке көрген оқ жонар” дегендей, жас көкпаршылардың артында саптама етік киген, қамшы өрген азаматтар тұр. Олар бабадан бастау алған ұлы жолдың жалғасқанын қалайды.

МАҚСАТ ИСИН, Аралағаш ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Бұл балалардың барлығының әкелері көкпар ойнаған. Балаларына ат ұстатады. Жұмасына 2 рет жаттығамыз. Оқушылар бар, студенттер бар.

Аралағаштық аттар да көкпарға әбден үйренген. Қажет кезде қамшы салдырмайды. Көкпаршы 30 келілік серкені жерден көтеріп, аяқ қақса жеткілікті. Сондай тұлпардың бірін жас палуан Әнуар Ханат тізгіндеген.

ӘНУАР ХАНАТ, Аралағаш ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Бапкерімнің өзі дайындайды, арасында біз де мінеміз. 6 жасар. Бойы орташа, көкпарға ыңғайлы.

Аралағаштағы ағайын көкпар тарихымен мақтана алады. Ауылдың білекті жігіттері 2013 жылы облыс жеңімпаздары болған. Қанжығаға күміс пен қола да байланыпты. Ұлттық спортты ұлықтаған ұландар алдағы уақытта чемпиондық атақты Аққайың жеріне қайтарғысы келеді.

Ұлан Ыдырыс