Наурызнама онкүндігі аясында өңірде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар легі жалғасуда. Соның бірі – Ұлттық спорт күніне арналған тоғызқұмалақтан зияткерлік жарыс. Дәстүрлі ойын арқылы ұйымдастырылған бұл дода жастардың ой-өрісін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілетін шыңдауға бағытталды.
ГҮЛБАҚЫТ БАЙБОСЫНОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— Бұл жерде Наурыз мейрамына орай өз тамырымызға оралып, мәдени мұрамызды дәріптеу маңызды. Сонымен қатар, жастардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырып, олардың ойындарды тереңірек танып-білуіне ықпал еткіміз келеді. Өйткені, тоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес, ол біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан, қатысушылар ойын ережесімен танысып, өздері ойнап көріп, шағын турнирге қатысып жатыр.
Ауқымды шара М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабырғасында өтті. Жарыста қатысушылар ұлттық ойынға деген қызығушылықтарын танытып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Жарыс қатысушыларының бірі – Саида Елубаева. Ол тоғызқұмалақтан біршама жетістіктерге жеткен жас спортшы. Бойжеткен осы уақытқа дейін облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Болашақта өзінің әпкелері – республикалық жарыстың жүлдегерлері Диана Темірболатова мен Индира Нұртазина сияқты биік белестерді бағындыруды мақсат етеді.
САИДА ЕЛУБАЕВА, жарысқа қатысушы:
— Мен тоғызқұмалақ ойынымен 10 жасымнан бері айналысамын. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып келемін. Облыстық деңгейдегі жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, республикалық жарыстарға да қатысқанмын. Жалпы, мен үшін тоғызқұмалақ – тек хобби ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлауды дамытып, басқа да қабілеттерді жетілдіруге көмектесетін ерекше ойын.
Айта кеткен жөн, іс-шара Қоғамдық даму және ақпарат орталығы мен «Сұңқар» клубының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылды. Сонымен қатар, “Amanat” партиясы жанындағы «Болашақ» жастар қанаты да қолдау білдіріп, ұлттық мұраны дәріптеуге өз үлесін қосты.
Жангельді Жамалиев