Оқушылар сарайында “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 105 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараның шымылдығын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ашты. Құрметті қонақ мемлекет басшысы атынан өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағында талмай еңбек етіп жүрген мамандарға, атап өтсек, Зарап Құсайынов пен Нұргүл Оқашеваға “Құрмет” орденін табыс етті. Ал бас хатшы Жадыра Қанафинаға “Ерен еңбегі үшін” медалі тағылды. Әріптесіміз бұл салада 20 жылға жуық еңбек етуде.
ЖАДЫРА ҚАНАФИНА, “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас хатшысы:
— “Soltüstık Qazaqstan” газетінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашқы уақытта “Қызылжар нұры” газетінде істедім. “Soltüstık Qazaqstan” газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, ал бүгінде жауапты хатшы болып қызмет атқарамын.
Мерейтой иелерін өңір жетекшісі Ғауез Торсанұлы да құттықтады. Облыс әкімі “Soltüstık Qazaqstan” газетінің өткені мен бүгініне тоқталды әрі маңызын атап өтті. Қара шаңырақ назарсыз қалмайды. Биыл асылдар еңбек еткен ғимарат күрделі жөндеу көреді, редакцияға жаңа көлік кілті табысталған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— 105 – жыл үлкен жауапкершілік пен абыройлы еңбектін айқын көрінісі. Бүгінде “Soltüstık Qazaqstan” газеті қоғаммен бірге өсіп, заман талабына сай жаңарып келеді.
Конференция барысында арнайы қонақ болып келген спикерлер баяндама оқыды. Олардың ішінде ел ағасы, қаламгер Жарасбай Сүлейменов те бар. Жазушы Мағжан және ұлттық басылым жайлы ойымен бөлісті.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР құрметті журналисі, СҚО құрметті азаматы:
— Негізін Мағжан қалаған, қазығын Смағұл Сәдуақасов сияқты Алаштың арыстары қаққан басылым. Өзінің ғасырдан астам ғұмырында өзінің еліне, жеріне, халқына адал қызмет етіп, өзінің борышын атқарып келе жатыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда “Soltüstık Qazaqstan” газетінде 30-ға жуық адам қызмет етуде. Бүгінде таралымы 9 мыңға жуықтаған басылым аптасына 2 мәрте көрерменге жол тартады.
Ұлан Ыдырыс