СҚО әкімдігі

Референдумда белсенділік танытқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды

Облыстық әкімдікте референдум қорытындысы талқыланған алқалы жиын өтті. Шараға аймақтағы әр саланың тізгінін ұстаған басқарма басшылары мен қоғам белсенділері қатысты. Отырыс шымылдығын өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, саяси науқанға қатысқан жерлестерімізге алғысын білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Жаңа Конституция – қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекеттік берік негізі. Солтүстікқазақстандықтар саяси науқанда ұйымшыл екенін тағы бір дәлелдеді.

Облыс әкімінің жалынды сөздерінен кейін саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандар марапатталды. Оның ішінде қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов та бар. Азамат референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабқа мүшелік етті. Бүгін оған Мемлекет басшысының Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалі табысталды.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

— Жаңа Конституция тұғырына қонып, ел игілігі үшін қызмет етеді. Біз мемлекеттің дамуы үшін аянбай еңбек етеміз.

Жалпыұлттық референдумның өтуіне теріскейлік жастар белсене қатысты. Жаңа Конституцияны жан-жақты оқып, еңбек ұжымдарына барды. Түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгін ұл-қыздарымыздың да еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, “Ассамблея жастары” РҚБ СҚОФ төрағасы:

— Жаңа Конституцияда жастарға ерекше көңіл бөлінген. Білім алып, әрі қарай еңбек етуіне бар жағдай жасалған. Біз жан-жақты қаралған, 10 мыңнан астам адамның талқысына түскен Ата заңымызды бағалауымыз қажет. Маңызды құжаттың ықпалымен әлі талай асуларды бағындырамыз.

Республикалық референдумға 9 млн-нан астам отандасымыз қатысты. Оның 87,15 пайызы “Иә, қолдаймын” деп дауыс берді. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша жаңа Конституция 1-ші шілдеден бастап күшіне енеді.

Нұрасыл Ахмет