Мәдениет

Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Мереке қарсаңында Бескөл ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Тұрғындарға тек жергілікті кәсіпкерлердің сапалы өнімдері ұсынылды. Ең бастысы – арада делдалдар жоқ. Сондықтан да тауарлардың бағасы дүкендерден 15-20 пайызға төмен. Гүлшарат Бөлтенова – Бескөл ауылының тұрғыны. Ол бірнеше жыл бойы етті сүрлеп, сатумен айналысады.

ГҮЛШАРАТ БӨЛТЕНОВА, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

— Қаз бен үйрек және жылқы ұстаймыз. Өсіріп, кейін сүрлеп сатамыз. Қаз бен жылқының еті – 5 мыңнан. Тауық еті 3 мың теңгеден, сиыр еті 4 мыңнан саудалануда. Тұрғындар келіп жатыр. Тауар жақсы өтуде.

Аудан тұрғындары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін асыға күтеді. Мұндай шаралардың жиі өтіп тұрғанын қалайды.

Шараға барлығы 12 серіктестік қатысты. Мұндай жәрмеңкелерді жиі өткізу жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға және тұрғындарды арзан әрі сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы, жәрмеңкеде 1 тоннадан астам ет, 30 мың дана жұмыртқа, жарты тонна сүт өнімдері, 1 жарым тонна ұн, 5 тонна картоп, 200 келі бал және басқа да 5 тонна тауар сатылды.

 

Мәдина Қаби