Мәдениет

Дәстүр мен технология үндестігі

“Qyzyljar” креатив орталығында жергілікті “Digital Country” командасы мұрамызды жаңғыртуға үлес қосты. Технология тілін меңгерген жас өнертапқыштар ұлттық ойындарымызды цифрлық форматқа көшірді. Мысалы, енді интерактивті нұсқада асық атуға, арқан тартуға, алтыбақан тебуге мүмкіндік бар. Сосын Имантау тауының үстінен айдаһармен ұшу, киіз үйге кіріп, ішімен танысуға болады.

ӘЛІШЕР ЖАНАҚОВ, “Digital Country” командасын құрушы:

— Ұлттық ойындар – цифрлық ұрпаққа бейімдеуге болатын мәдени мұра. Біз өзіміздің байлығымызды интерактивті, қолжетімді форматқа айналдырдық. IT арқылы ата-бабамыздан қалған ұлы жолды жастарға түсінікті әрі қызықты етеміз.

Жобада VR-көзілдіріктері қолданылады. Сол арқылы қолданушылар өткеннің тынысын сезініп, дәстүр әлеміне енеді. Жас өнертапқыштардың жоспары ауқымды. Олар ұлттық мұрамызды әрмен қарай жаңғыртқысы, халықты технологияға жақындатқысы келеді.