Көктем лебі сезіліп, қар азайды, аулаларда, көшелерде тазалық орнататын күн жетті. Қаламыз құлпыруы қажет. Бұл тұрғыда Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері жарады. Олар экологиялық әрі қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, шаһардың шырайын келтіруге үлес қосты.
ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Бүгін айналаға қамқорлық танытатын еріктілер бірікті. Біз жазушы Ғабит Мүсірепов ескерткішінің маңын қар мен қоқыстан тазалап жатырмыз. Ендігі кезек – Шоқан Уәлиханов ескерткіші орналасқан аумақ. Мұнымен жұмысымыз аяқталмайды. Сонымен қатар, біз жалғызбасты қарттардың аулаларын тазалауға көмектесеміз.
Игі іске қатысқандардың бір бөлігі – мектеп оқушылары. Аумақтардың ажарын ашуға септесіп жүрген жастарға қарап көңіл тояды. Олар тазалыққа мән беру – жауапкершілік деп түсінеді.
ИСАБЕК АЙТМАҒАМБЕТ, волонтер:
— Менің осындай науқандарға қатысып жүргеніме 2 жыл болды. Әр жұма сайын келемін. Тазартуға, жинауға көмектесемін.
Жалпы, бүгін Петропавлда 60-қа жуық ерікті тер төкті. Топтарға бөлінген жастардың арқасында қаламыз көркейіп, қоғамда тазалық мәдениеті нығая түсті.