Биыл ІІМ қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті және облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері шекара қызметімен бірлесіп, «Жаңажол» шекара бекетінде күдікті адамдарды ұстады. Олар Қазақстанға тұрмыстық химия деп жүк өткізбек болған. Тексере келе тауар ірі көлемдегі прекурсор болып шығыпты.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:
— Ақпан мен наурызда «Жаңажол» шекара өткелінде ҰҚК Шекара комитетімен бірлесіп, 2 жүк көлігі тоқтатылды.
Есірткі өндірісіне қажетті прекурсорлар қайда бағыт алған? Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін теріскейлік тәртіп сақшылары жасырын зертханалар болуы мүмкін екенін сезген. Сөйтіп жоспармен жұмыс істепті. Нәтижесінде Ақмола және Алматы облыстарында орналасқан екі ірі нарколаборатория анықталыпты. Күдікті бірнеше адам ұсталды. Сонымен қатар, 3 тонна прекурсор және 200 келі синтетикалық есірткі тәркіленген.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ,СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:
— Ақмола облысында 54 жасар азамат және оның 26 жасар ұлы ұсталды. 600 мыңнан астам бірреттік «синтетика» дозасы тәркіленді. Заттардың нарықтық құны шамамен 5 миллиард теңгені құрайды.
Қылмыстық тізбек жеткізушілерден бастап, ұйымдастырушыларға дейін толық жойылды. Айыпты адамдап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.