Қызылжар жұрты жыл басы, Ұлыстың ұлы күніне дайындалуда. Бүгінде Қазақстан Конституциясы көшесі тұрғындар мен қонақтар үшін безендіріліп жатыр. Жасанды гүлдер, тақырыптық мүсіндер мен жазулар, тігілетін киіз үйлер. Бұлар мерекелік атмосфераны сездірмей қоймайды. Мейрамда аспанда ән қалықтамақ, жұртшылыққа би мен шоу бағдарлама да ұсынылады. Бірде-бір жан назарсыз қалдырмауы тиіс.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы орталық және басты алаңда концерттік шара өтеді. Қалалық әкімдік маңында киіз үйлер, балалар көңіл көтеретін орындар бой көтеріп, біршама көрме қанат жаяды. Тұрғындар қажетті азық-түлікті төмен бағамен сатып ала алады. Ал Тұңғыш Президент саябағында 4 киіз үй тігіледі. Концерттік шара да ұйымдастырылмақ. Қала қонақтары мен тұрғындарын думанды тамашалауға, қатысуға шақырамыз.
Наурыз – жанға жылулық, жүзімізге қуаныш сыйлайтын мереке. Халық асыға күтеді. Мейрамға орай қолға алынған безендіруге жұртшылық жоғары баға берді.
— Көңіл-күйім өте жақсы. Оған қоса, бүгін – үлкен баламның туған күні. Бәріміз осы көктемді асыға күтеміз. Көктем келсе, жайлылық та келеді. Саябақ жақсы безендірілген. Қаламыз көркейіп жатыр.
Биыл облыс орталығында Наурызға арналған негізгі бағдарлама 22-сі күні өтеді. Мерекелік салтанат түскі 12-де орталық алаңда басталады. Даладағы думанның куәсі болған халық аймақтық айтысты тамашалай алмақ. Ақындардың сайысы 15:00-де “Qyzyljar” креатив орталығында өтеді.
Мәдина Қаби