Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Петропавлға оралды. Ел мерейін асырған спортшыны өзі тәлім алған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубында тілеуін тілеген жандар күтіп алды. Шараға төртқұрлықтың басты додасында өнер көрсеткен жерлестеріміз де қатысты. Кездесуде ізгі тілектер айтылды, ел ағалары ақ батасын берді.
Талай жылғы қиындықтар, қайсар мінез, қажырлы еңбек. Кездесу барысында Ербол Хамитов қатысушыларға жеңіс жолы жайлы айтып берді. Чемпион шарада өзіне тілеулес болған жандардың сұрағына жауап берді.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы:
— Паралимпиада алдында Мемлекет басшысымен кездестік. Шара барысында Президентке әнұранымызды шырқатамын деп сөз бердім. Мен уәдемде тұрдым.
Қысқы Паралимпиада ойындарына облысымыздан 4 спортшы қатысты. Олар барлығы -11 жолдама жеңіп алды. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.
АНТОН ЖДАНОВИЧ, парабиатлон мен парашаңғыдан облыс жаттықтырушысы:
— Паралимпиада ойындары алдында Швейцарияда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Шәкірттерім бар күшін салды. Александр Герлиц пен Владислав Кобаль жүлдеге сынық сүйем жетпей қалды. Қателіктеріміз жетерлік. Алдағы уақытта талмай жұмыс істейміз. Ендігі жылы өтетін әлем чемпионаттарына дайындаламыз.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты түрде спортпен айналысады.
Нұрасыл Ахмет