СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мүмкіндігімен танысты

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды. Өңір жетекшісі білім ордасын аралады, мүмкіндігімен танысты, оқушылармен тілдесті. Мұндағы ұл-қыздардың ойлары жүйрік, шеттерінен талантты. Жыл сайын тың жобаларды ойлап табады.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың білім алуына бар жағдай жасалған. Мұнда ағылшын тілі мен цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Ұлттық құндылықтарымыз да ұмыт қалмаған. Облыс әкімі оқу орнының барлық кабинетін аралады. Оқушылардың дайындаған бағдарламалары мен тың жобаларын көрді. Жоғары бағасын берді.

ЖӘНЕЛ ЖАЛҚЫБАЙ, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ оқушысы:

— Біз тілінде кемістігі бар балалар үшін жаңа бағдарлама ойлап таптық. Бұл балалардың үйде отырып-ақ дайындалуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда білім ордасында 700-ден астам оқушы білім алады. Ұл-қыздарға 100-ге жуық ұстаз тәлім береді. Әр ауданда тірек мектептері бар. Осы арқылы оқу орны өңірдегі білім сапасының артуына зор үлес қосып отыр.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

— Мектепте әр салаға ерекше көңіл бөлінген. Кабинеттердегі қондырғылардың барлығы әлемдік стандарттарға сай.

Назарбаев Зияткерлік мектебінен 10 жылдың ішінде 750-ден астам оқушы түлеп ұшты. Олардың барлығы әлемнің және еліміздегі беделді университеттерде білім алуда.

Нұрасыл Ахмет