СҚО әкімдігі

Аққайың ауданындағы білім, спорт және мәдениет саласындағы жаңашылдықтар

Өңір басшысы ең алдымен Akkaiyn Creative & IT Center орталығына барды. Әкімнің сапарды дәл осы нысаннан бастауы бекер емес. Өйткені, бүгін Жаңару күні, ал IT саласының дамуы, цифрландыру – қазіргі Қазақстанды жаңғыртудың басым бағыттарының бірі. Мұнда оқушылар мен жас мамандар робототехника, бағдарламалау және графикалық дизайн секілді бағыттар бойынша өздерінің идеяларын шыңдайды. Жаңару күнінің мәнімен үндесетін бұл орталық – жастардың жаңа мүмкіндіктерге қадам басуының символы.

ДАРЬЯ КАЛИНА, AKKAIYN CREATIVE & IT CENTER ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

— Біздің орталық 2 ай бұрын ашылды. Келушілер қатарында мектеп оқушылары, жастар, студенттер ғана емес, ересек тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де бар. IT-сыныпта балалар жасанды интеллект, қазіргі цифрландыру бағыттары бойынша оқиды. Конференция залында оқыту семинарлары ұйымдастырылады, сондай-ақ аудандық архивтің құжаттарды цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Барлық аймақтар сұранысқа ие.

Орталық тоғыз түрлі бағыттағы аймақтармен жабдықталған. Ең көп сұранысқа ие – IT-сынып пен зертханалық аймақ. Бұл жерде жастар виртуалды шындық, робототехника, 3D модельдеу, дронмен жұмыс бағыттары бойынша білім алады. Қазір жасөспірімдер арасында робототехникаға деген сұраныс артқан. Бибарыссұлтан Балтабеков – №3 Смирнов орта мектебінің 9-шы сынып оқушысы. Робототехникадан облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы.

БИБАРЫССҰЛТАН БАЛТАБЕКОВ, ОҚУШЫ:

—  Бұл робот гимнаст. Көптеген әдістерді орындайды. Мен бұл роботты 1 күнде істедім. Кішкентай болып көрінгенімен функциялары өте көп. Бұл – блок. Программалар және әртүрлі папкалар жиналады. Қосу үшін тетіктерді қолданып, керек программаға қосып басамыз. Трюктарды істейтін робот. Программасын істеуге 5 сағат кетті.

Сапар орталық саябақтағы Наурызнама аясында ұйымдастырылған Жаңару күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысумен жалғасты. Бұл – табиғаттың жаңаруы мен қоғамдағы оң өзгерістерді үйлестіретін күн. Өңір басшысы аудан тұрғындарының ұлттық құндылықтарды дәріптеуге белсенді қатысуын атап өтті. Сондай-ақ, Ғауез Торсанұлы жиналған жұртты Наурызнама аясында жаңару күнімен құттықтап, Аққайың ауданы тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ауданның аграрийлері жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Заманауи технологиялар енгізіліп, техника жаңартылып, өндірістің тиімділігі артып келеді. 2025 жылдың өзінде 226 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, оның жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрады. Жеңілдетілген несиелендіру көлемі 6 млрд теңгеден асты. Ауданда мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, өндіріс орындарына жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

Одан кейін әкім «Batyr» мұз айдынына барды. Заманауи жабдықталған спорт алаңы ауыл жастарының белсенді өмір салтын қалыптастыруына жол ашады. Іс-шара барысында спортшыларға 11 хоккей формасы табысталды. Бұл да спорт инфрақұрылымының жаңғыруы мен ауылдағы спортқа қызығушылықтың артуының көрінісі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бүгін 19-шы наурыз Жаңару күнінде Аққайың ауданы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Смирново ауылында жаңадан салынған Батыр мұз айдыны пайдалануға берілуде. Осындай игі күні заманауи спорт нысанының ашылуы – ауданның спорт саласын дамытуға, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, Аққайың ауданының 42 пайызы спортпен кәсіби түрде шұғылданады. Жаңа мұз айдынының ашылуы – спортшылар үшін зор мүмкіндік. Нысанның құрылысы 2025 жылы басталған болатын. Жоба құны – 374,4 млн теңге. Нысан 38 адамға шақталған.

Облыс әкімі барған соңғы нысан – Полтавка орта мектебі. Қазіргі таңда білім ордасында 100-ден астам оқушы білім алады. 25 мұғалім еңбек етеді. Айта кетейік, жергілікті «Полтавское» серіктестігінің бастамасымен ауыл мектебінде «Жас ғалым» атты инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Білім беру кабинеттері жаңартылып, оқушыларға тәжірибелік білім алуға арналған жаңа жабдықтар орнатылған. Жобаның басты мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту.

Мейрам Бектеміров Петропавл қаласынан отбасымен бірге Полтавка ауылына көшіп келген. Бұған дейін Шаховское орта мектебінің директоры болып жұмыс істеген. Ол мұнда «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында келгенін айтады. «Полтавка» ЖШС оған жаңа үй бөліп, барлық қажетті жағдаймен толық қамтамасыз еткен. Қазір – Полтавка орта мектебі директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары.

МЕЙРАМ БЕКТЕМІРОВ, ПОЛТАВКА ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ:

— Бұл – біздің көркем еңбек кабинеті. Осы кабинетке лазерлі станок алынды. Ол ағашпен, фанермен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта біздің оқушылар көптеген байқауға қатысып жүр. 6-сынып оқушысы «Ботай мәдениеті» атты байқауға қатысып, фанерден макет жасады. «Ботай мәдениеті» жобасы бойынша жұмысты орындау уақыты шамамен 5-6 күнді құрады.

Полтавка орта мектебінің 10-шы сынып оқушысы Дильназ жасанды интеллект арқылы жоба әзірлеген. Бұл жобаны 2025 жылы қолға алып бастаған.

ДІЛНАЗ АЙҒОЖИНА, ОҚУШЫ:

— Менің жобамның тақырыбы – “Орыс поэзиясы мен музыкасы”, “20-21-ші ғасырдағы өлеңдер”. Жобамның мәні классикалық поэзия қазір өзектілігін жоғалтып жатыр, бұл ескі формат болып есептеледі. Сондықтан, біз нейрожелі мен жасанды интеллектінің көмегімен балалардың бойында поэзияға деген қызығушылықты арттырғымыз келеді, сол себепті әртүрлі форматта бұл сүйіспеншілікті оятуға тырысамыз. Біз бұл жұмысқа жазда кірістік және әлі де жалғастырып келеміз, өйткені плейлист күн сайын толықтырылып отырады.

Аққайың ауданында білім беру, спорт және мәдениет салалары дамып келеді. Мектептерде жаңа технологиялар енгізіліп, балалар мен жастардың қабілеттері жаңа қырынан ашылып жатыр. Аудан тұрақты дамып, жаңа мүмкіндіктерге қадам басуда.