Мәдениет

Этникалық нақыштағы киімді дәріптеп жүрген кәсіпкер

“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген нақыл бар. Осы сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған Айжан Колчина бүгінде әжесінің жолын жалғап, этникалық нақыштағы дәстүрлі киім тігіп жүр. Оның қолынан шыққан әрбір туынды – тек киім емес, тұнып тұрған тарих пен тағылым. Әр бейненің астарында бір мән бар. Бірінде – берекенің белгісі саналатын бидай бейленесе, енді бірінде көне өркениеттің ізі болған Ботай мәдениетінің нышандары көрініс табады.

АЙЖАН КОЛЧИНА, дизайнер:

— Біз заманауи шапандарды, түрлі сырт киімдер мен бас киімдерді ұлттық нақыштармен үйлестіріп тігеміз. Әр бұйымға өзіндік мән-мағына беруге тырысамыз. Көбіне Ботай мәдениетінің элементтерін қолдануға ерекше көңіл бөлемін. Себебі, біздің өңір – адамзат тарихында жылқыны қолға үйреткен алғашқы аймақ. Ал жылқы, бидай, қыран құс – қазақ халқының терең тарихы мен рухын бейнелейтін символдар.

Шебердің бұл өнерге келуі тегінен тегін емес. Ол бала кезінен әжесінің қасында жүріп, тігін тігіп, көрпе құрағанын көріп өсіпті. Уақыт өте келе бойындағы бейімділікті сезініп, бұл істі кәсібіне айналдыруды ұйғарған. Сөйтіп, дизайнер мамандығын меңгеріп, алғашқы қадамдарын қарапайым көйлек тігуден бастайды. Уақыт өте келе ол біртіндеп этникалық бағытқа бет бұрады. Себебі, қазіргі таңда тұрғындар арасында ұлттық нақыштағы киімдерге деген сұраныс айтарлықтай артқан.

АЙЖАН КОЛЧИНА, дизайнер:

— Мен 2016 жылдап бастап қана тапсырыс қабылдай бастадым. Тұрғындар арасында ұлттық, этникалық киімдерге деген сұраныстың жоғары екенін байқадым. Бұл стильде киім тігіп жүргеніме бір жылдай ғана болды. Әжемнің есімі – Сақып. Ол мата қиындыларын жалғай отырып, әдемі киім тігуге шебер еді. Мен ешқашан оның жанында отырып, тігуді немесе тоқуды үйренген емеспін. Бірақ, соның барлығын көріп өстім. Оның таланты менің бойымда бар екенін сезіндім.

Айжан Колчинаның алға қойған мақсаты зор. Ол әлі де басқа стильде киімдер тігіп, ұлттық нақышты одан әрі дамытқысы келеді. Ал қазір шебердің қарамағында 4 тігінші жұмыс істейді.

Мәдина Қаби