Мәдениет

Ұлттық өркендеу орта мектеп-кешеніндегі Ұлттық киім күні

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде Ұлттық киім күні аталып өтті. Қазақтың оюлы шапаны, көйлегі, қамзолы мен тақиясы барлығына жарасады. Би билеген, мерекелік шараны жүргізген ұл-қыздарға ерекше сән берді. Бұл – кештің басы. Әрі қарай көрсетілім ұйымдастырылды. Қызыл кілеммен оқушылар мен ұстаздар жүріп өтіп, талайды тамсандырған қазақи нақышты паш етті.

Ұлттық киім – бет-бейнеміз. Ырымшыл қазақ халқы киімдерді тіл-көзден, жамандықтан қорғасын деген ниетпен безендіріп жатады. Мұндай кезде үкінің орны бөлек. Оның маңызын биология пәні мұғалімі Диана Қошкенова айтып берді.

ДИАНА ҚОШКЕНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің биология пәні мұғалімі:

— Мен аққу образындағы киімді кидім. Әшекей тастармен безендірілген. Үкісі бар. Үкілі – сұлулықтың символы, тазалықтың, пәктіктің белгісі.

Ұлттық киім күніне арналған шара мұнымен аяқталмады. Мектептің 3 сыныбында танымдық, шығармашылық сабақтар өтті. Оның бірінде балалар киімдердің қадір-қасиетін айтса, екіншісінде сәукеле жасап, ою жабыстырды, ал үшіншісінде қағаз қиындыларын жинап, суреттер ұсынды.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

— Бүгін әр бала ұлттық киім киіп, алдымызда жарқырап жүр. Бұл – біз үшін жетістік. Себебі, біздің мұғалімдердің мақсаты – балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Көпұлтты еліміздегі бірегей мектептің балалары – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Олар қазақ елін Наурыз мейрамымен құттықтайды.

 

Байболат Құлтанов